Отбасылық өмірге дайын!(?)

Барлық ерте жастағы некелер ажырасумен аяқталады деп сендіру дұрыс болмас еді. Отбасылық өмірде кездесетін көңіл қалушылық сезімі адамдар ересек жаста үйленген кезде де орын алуы мүмкін. Бірақ жоғары мінез қызбалығымен, тәжірибенің жетіспеушілігімен ерекшеленетін жастық шақта мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Және бұл кездейсоқ емес. Ерте жастағы некенің соншалықты осал болуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, біздің, яғни жастардың кез келген сүйіспеншілікті "табытқа дейінгі махаббат" деп қабылдауға дайын болуымыз, жұбымыздағы кемшіліктерді байқамау. Бұған қоса, бұл кемшіліктер байқалып жатқан жағдайларда ымыраға келуге және ортақ тіл табуға қабілетсіздігіміз де бар.

Екіншіден, ата-ана қамқорлығынан босап шығуға, тыйымдар мен ескертулерге қарамай, өз бетімен өмір сүруге деген ұмтылыс. Алайда, адамдардың көбі ата-аналарының көмегіне мұқтаж, ал отбасын құруға байланысты жаңа шектеулер қашанда көңілден шыға бермейді.Сондықтан, үшіншіден, эмоциялары шарықтап тұрған ғашықтар отбасы дегеніміз тек қуаныш пен ләззат қана емес, сонымен бірге өте маңызды жұмыс және толығымен маңызды міндеттер мен жауапкершілік екенін түсіне бермейді.

Болашақ өміріңе әсер ететін кез келген басқа маңызды қадам сияқты, отбасын құру да белгілі бір дайындықты қажет етеді. Егер сен осындай дайындықтың не екенін жете түсінгің келсе, Желіде осы тақырыпқа арналған көптеген ғылыми материалдар бар. Отбасылық өмірге дайын екеніңді түсіну үшін алдымен не туралы ойлану керек екенін қара.
Жас шамасы
Заң бойынша отбасын 18 жастан бастап құруға болады. Бірақ балаларды тууға қатысты физиологиялық жетілу мәселесін айтатын болсақ, баланы қалаған күнде қыздарға 20 жастан кейін, ал жігіттерге 23-тен кейін балалы болған дұрыс. Бұл баланы тууға қатысты физиологиялық дайындық, бірақ, әрине, моральдық тұрғыдан дайын болу өте маңызды, ал бұл мүлдем басқа әңгіме.

Білім
Иә, мұнда да білім керек. Кем дегенде, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың, балалардың құқықтары мен міндеттерін, отбасылық өмірге тікелей қатысты кейбір құқықтық нормаларды білу.

Денсаулық
Отбасын құру кезінде өзіңнің де, болашақ жұбайыңның да денсаулығына қатысты толық түсініктің болуы маңызды.

Тұрғын үй
Әрине, сүйген жармен күрке де жұмақтай, бірақ, өкінішке орай, бұл қуаныш ұзаққа созылмайды – тек алғашқы қарға дейін. Қалжыңсыз айтсақ, АХАЖ-ға бармас бұрын қайда тұратындарыңды (жатақхана, жеке немесе жалға алынған пәтер, ата-ананың үйі) және қандай да бір өмір сүру варианттарын таңдаған жағдайда салдардың қандай болатынын ойлану керек.

Отбасылық бюджет
Егер ата-ана жас отбасына қаржылай көмек көрсете алса, жақсы болар еді. Бірақ отбасыңды ата-анаңның "есебінен" құрмас бұрын, алғашында ең қарапайым болса да, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген дұрыс емес пе?

Оқу және отбасы
Отбасын асырау үшін жұмыспен бірге колледждегі, училищедегі, ЖОО-дағы оқуды алып жүру өте қиын. Ал, білімсіз және қызықты мамандықсыз қалу өзіңді және отбасыңды көптеген мүмкіндіктерден айырумен тең.

Дағдылар
Жаңа өмірге аттанарда шабаданды жинау барысында, күрделі шаруашылық-тұрмыстық іс-әрекеттерді айтпағанда, сол өмірде шаңсорғыш пен кір жуғыш машинасы, уыздықты қуыру және шай қайнату білігі сияқты пайдалы "заттардың" барына көз жеткізу жаман болмас. Бұл екі адамға да қатысты, өйткені ешкім үй міндеттерін жалғыз орындауға міндетті емес. Мүмкін, бұл саған белгілі дүние шығар, бірақ осындай ұсақ-түйек нәрселер өте маңызды. Бұл кез келген процестің нәтижесі (отбасын құру да процесс) болмашы, бір қарағанда, қарапайым және елеусіз бөлшектерге байланысты екенін білдіреді.

Махаббат
Неліктен махаббат тізімнің соңында тұр? Бұл ең бастысы емес пе? Әрине, махаббат - бұл мықты және берекелі отбасының іргетасы, ал онсыз отбасын құрғандар бақытқа сирек жетеді. Бірақ "құрылысшылар" сауатсыз, жалқау және нәтижеге бей-жай қараса, тіпті ең мықты іргетас та көмектеспейді.
Материал дереккөзі:
teenslive.info

Сурет дереккөзі: behance.net


Сондай-ақ оқитындарыңыз
ЖІБЕРІЛІМ
© UYATEMES.KZ