Басқаның пікірі — микроскоп астында!

Басқалардан алатын кез келген ақпаратты дұрыс қабылдауға үйренуіміз керек. Саған қамқорлық жасағандарына ризашылығыңды білдіре отырып, бұның тек әртүрлі көзқарас екенін түсіну қажет. Оларды ескеру керек пе, жоқ па, тек сен шешесің. Әрбір екінші адам саған қалай өмір сүру керектігін және не істеу керектігін білетін жағдайларда сабырлы және өзіңе сенімді болу маңызды.

Сансыз кеңестер мен пікірлер айтылып жатқанда, бірінші және ең бастысы - өзіңе, өзіңнің ішкі түйсігіңе сену. Өйткені, сені өзіңнен артық ешкім жақсы білмейді. Өз түпкілікті таңдауың үшін жауапкершілік кез келген жағдайда саған жүктеледі.

Біреудің пікірін тыңдай отырып, адамдар пікірлерін өздерінің өмірлік тәжірибелеріне негіздейтінін ұмытпа. Ол тәжірибе әрқашан жағымды бола бермейді. Бұл фактілерге де, ғылыми зерттеулерге де (кейде олар да күмән тудыруы мүмкін) негізделмеген субъективті пікір болып табылады. Яғни, құрбың жігітімен ұрысып қалып, "жігіттердің бәрі бірдей" деп сені көндіріп жатса, оның пікірін бөлісу қажет пе, жоқ па, ойлан.

Егер алдыңда күрделі таңдау тұрса және не істеу керектігін білмесең, бұл жайында әртүрлі пікірлерді тыңда, талда және мұның дәл саған, сенің жағдайыңа қаншалықты келетінін ойла. Басқаның кеңесіне жүгінесің бе, жоқ па, маңызды емес. Ең бастысы - сен үшін ең жақсы шешімді табу. Егер біреудің кеңесі саған шынымен көмектессе, бұл адамға рахмет айтуға болады.

Адамдарды түсінуді үйрену, "зиянды кеңестерден" көмектесуге деген шынайы ықыласты ажырату өте маңызды. Егер сен белгілі бір жетістіктерге қол жеткізсең, кейбір адамдар қызғаныштан сені дұрыс жолдан тайдыратын кеңес бере бастауы мүмкін. Бұған қарсы тұра біл және уақытында "жоқ"деп айта біл.

Өміріміздегі қандай да бір маңызды оқиғалардың алдында басқалар не ойлайды деп алаңдай бастаймыз. Егер мен қателесіп, дұрыс емес нәрсе жасап қойсам ше? Күлкілі көрінуден қорқу қуанышты және позитивті сәттерді бұзады. Осындай сәттерде мұндай жағдай орын алса, не болатынын ойлау керек. Жағдайды (сенің ойың бойынша) ең қорқынышты нәтижеге дейін жеткізіп, бұл сенің өміріңе шынымен де түбегейлі әсер ете ме, соны ойлан. Мұны айналадағылардың бәрі ғасырлар бойы есте сақтай ма? Әрине, жоқ! Шын мәнінде, әркімнің кемшіліктері немесе қателіктері болады, адамдар бұған дұрыс көзқараспен қарайды. Негізінде, біз басқалар туралы (тіпті күлкілі нәрселерді де) тез ұмытып кетеміз, бірақ өзімізге қатысты бір нәрсені ұзақ уақыт есте сақтаймыз.

«Басқа адамдар сіз туралы не ойлайтынына мән бермеңіз. Олар сіздің олар туралы не ойлайтындығыңызға тым алаңдайды». Артур Блох

Қалай болғанда да, біз бәрінің аузын жаба алмаймыз. Әр адам түрлі нәрсеге қатысты өз пікірін білдіруге құқылы. Тереза ана айтқан бір дана сөзді есте сақтаған жөн:

«Сіз туралы кімнің және не айтатыны маңызды емес - барлығын күлімсіреп қабылдаңыз және өз ісіңізді жалғастыра беріңіз».


Материал дереккөзі:
teenslive.info

Сурет дереккөзі: Antonio Uve


Сондай-ақ оқитындарыңыз
ЖІБЕРІЛІМ
© UYATEMES.KZ