Мастурбация - бұл өмірдің табиғи бөлігі, сондықтан одан ұялудың қажеті жоқ. Біреу жиі мастурбациямен айналысса, ал екіншісі мүлдем айналыспайды. Мастурбацияны ұнатпайтындар да бар, егер бұл саған тән емес болса, онда онымен айналысудың қажеті жоқ.
Барлық адамдар әртүрлі, бірақ мұнымен ерлер де, әйелдер де; жігіттер де, қыздар да айналысады. Әсіресе, мастурбацияға деген ықылас жыныстық жетілу кезінде пайда болуы мүмкін - бұл адамның психо-сексуалдық дамуының бөлігі. Ең бастысы, мұны басқа адамдардың көзінше жасау (егер бұл жөнінде алдын ала келіспеген болсаңдар) ыңғайсыз екенін есте сақтау керек және әрдайым сақ болу керек.
Мастурбация туралы әртүрлі мифтер бар. Мысалы, мастурбациядан алақанда түктер өсе бастайды немесе жыныс мүшелерің кішірейеді, мастурбациядан бедеулік пайда болуы мүмкін деген аңыз әңгімелер. Мұның бәрі - жалған. Шын мәнінде, мастурбация адамның физикалық және менталдық денсаулығына пайдалы болуы мүмкін. Мастурбация кезінде оргазмды сезінуге болады, ал оргазм кезінде эндорфиндер - ауырсынуды тежейтін және рақат сыйлайтын гормондар шығарылады. Көптеген ғылыми зерттеулер мастурбацияның:
- сексуалдық кернеуді босатуға
- стрессті азайтуға
- ұйқы сапасын жақсартуға
- өзін-өзі жоғары бағалауға және өз денесін қабылдауға
- менструация кезінде ауырсынуды жеңілдетуге
- жамбас қуысы түбінің бұлшық еттерін тонусқа келтіруге көмектесетінін дәлелдеді.
Мастурбацияның жамандығы жоқ, бірақ кейде оған тәуелділік пайда болуы мүмкін. Яғни, сен үнемі мастурбациямен айналысып, бұл туралы ойлауды тоқтата алмайсың және мұның бәрі өміріңе кері әсерін тигізе бастайды. Егер сен достарыңмен көріспесең немесе мастурбацияның кесірінен оқуда үлгермей жатсаң, онда бұл - проблема. Егер мастурбацияға байланысты өзің жайлы жаман ойласаң, онда осы әдеттен бас тартуға тырыс.
Өз мінез-құлқыңды өзгерту үшін сені бірдеңе жасауға итермелейтін не нәрсе екенін ойлан. Бұл триггер деп аталады. Мысалы, егер теледидардан қандай да бір шоуды көргеннен кейін немесе белгілі бір музыканың әсерінен мастурбациямен айналысқың келсе, онда бұл шоу немесе музыка - сенің триггерің. Осы заттардан аулақ болуға тырыс. Өз бөлмеңде немесе жалғыздықта аз уақыт өткіз. Егер отбасыңмен жиі уақыт өткізетін болсаң, онда сенде мастурбациямен айналысуға мүмкіндік аз болады.