Менструальдық циклды қалай бақылауға болады?

Бұл мақаладан етеккірді қадағалауға арналған бірнеше пайдалы қосымшаларды біле аласың.
Ең алдымен, етеккірді не үшін қадағалау керек деген сұраққа жауап берейік.
Шынымен де, неліктен етеккір циклінің күндерін санап, көңіл-күйдегі өзгерістерді жазып отыру керек?
Біріншіден, етеккір – денсаулық пен ағзада болып жатқан өзгерістердің керемет көрсеткіші. Екіншіден, циклды білсең, оқиғаларды жоспарлау әлдеқайда жеңілірек. Үшіншіден, көңіл-күйіңді бақылай отырып, ЕАС (ПМС) кезіндегі белгілерді жеңілдетуге болады. Тағы да басқа пайдалы нәрселер көп.

Егер бұрын біздің аналарымыз күндерді күнтізбеге жазып, ең жақын етеккірге дейінгі күндерді өздері санаса, енді сіз үшін мұны қосымша жасайды (Алақай!). Қосымша күнді жазып қана қоймайды, сонымен қатар мүмкін белгілер мен оларды жеңілдету жолдарын болжайды, денсаулықты бақылауға, етеккір туралы барлық қажетті ақпаратты және етеккірге байланысты барлық нәрсені білуге мүмкіндік береді. Міне, мына қосымшалар:

FLO
Бұл қосымшаның негізгі мақсаты - циклді қадағалау. Алдымен, барлық деректерді енгізу керек: соңғы етеккір күні, ұзақтығы және т.б. Қадағалау барысында қосымша келесі етеккірдің басталу күнін және хал-жайыңды болжай бастайды. Сонымен қатар Flo өзінің жағымды қызғылт және сарғыш түсті дизайнымен және ыңғайлы интерфейспен қуантады.
Айта кетерлік жайт: қосымшаның өзіндік жаңалықтар арнасы бар, онда әйелдер денсаулығы туралы 1000-нан астам мақаланы таба аласыз. Қосымшада денсаулықты бақылау үшін сауалнамалардан өтуді ұсынатын жеке виртуалды көмекші бар.
Аналар үшін немесе жақын арада балалы болғысы келетіндер үшін Flo жүктілікті жоспарлауға және болашақта оны қадағалауға көмектеседі.
Маңызды ескерту: жеке деректеріңізді кодпен қорғауға болады.
Қосымша iOS-та да, Android-та да қолжетімді.


Әйелдер күнтізбесі
Осы қосымшаның басқалардан ерекшілігі - сүйкімді және өте әсерлі дизайны. Қызғылт түсті ұнататындарға сөзсіз жағады!
Бұл қосымшада көңіл-күй өзгерістерінің барлық белгілерін, мысалы, тәттіні қалағанда немесе сүйкімді марғаумен бейнені көргенде көңіліңіздің босағанын да жазуға болады. Қосымша сізге алдағы етеккірдің, овуляцияның басталуы және т. б. туралы өзі еске салады.
Қосымша iOS-та да, Android-та да қолжетімді.


Clue
Бұл қосымшаның басты ерекшелігі - оның ашық түсті гаммадағы ұстамды және қарапайым дизайны. Clue етеккірді бақылаудың барлық негізгі функцияларын қамтамасыз етеді және деректерді кодпен қорғауға мүмкіндік береді. Менструальдық циклді кеңірек зерттеуді қалайтындар үшін қосымша медициналық ғылыми мақалаларға сілтемелер ұсынады.
Қосымша iOS және Android жүйелерінде қолжетімді.


Eve
Бұл тек етеккір трекері ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желі: мұнда сіз косметикадан бастап жыныстық қатынасқа дейінгі барлық тақырыптар бойынша көптеген сауалнамалар мен мақалаларды таба аласыз.
Сондай-ақ, Eve-те әртүрлі қызығушылық топтарына қосыла аласыз, мысалы: сән, фитнес, сүйікті сериалдар мен аниме фандомдары. Тағы бір ерекшелігі - қосымшадағы барлық процестер смайликтермен және стикерлермен безендірілген. Алдағы етеккір туралы хабарламалар да эмодзилерге толы (Сәлем, зуммерлер :)). Бұл қосымшада өзіңізді қызықтыратын сұрақтарды айыптаудан қорықпай, қоя аласыз - біреу міндетті түрде жауап беріп, өз тәжірибесімен, білімімен бөліседі. Жалғыз кемшілігі, мүмкін біреу үшін кемшілік те емес, бұл қосымша толығымен ағылшын тілінде.
Қосымша iOS және Android жүйелерінде қолжетімді.



Автор: Аружан Байназарова

Қолданылған дереккөздер:
plannedparenthood.org
nhs.uk

Сурет дереккөзі: Audrey Lee


Сондай-ақ оқитындарыңыз
ЖІБЕРІЛІМ
© UYATEMES.KZ