Гостинг, мостинг, касперинг: қарым-қатынастағы жаңа қатыгез трендтер

Бүгінгі таңда қарым-қатынас бір сәтте басталып, ал кейде өте таңқаларлық жолмен бір сәтте аяқталып жатады. Қарым-қатынастағы мұндай түсініксіз трюктерге арнайы атаулар да пайда болды.
Гостинг (Ghosting)
Серіктестің бірі кенеттен басқасына ештеңе түсіндірместен, қарым-қатынасты тоқтатады. Елес сияқты жоғалады. Сөйлесуге және оның себептерін анықтауға кез келген әрекетті елемейді. Вотсаптағы хабарламалар оқылған деп белгіленіп, бірақ жауап берілмейді. Тіпті сендер кездесіп, бәрі жақсы болып көрінсе де, көп уақытты бірге өткізгендіктен, арада ынтықтық сезімі пайда болса да орын алуы мүмкін. Сондықтан бұлай жоғалып кету гостингке тап болған адамның жанын ауыртып қана қоймай, сонымен қатар жаралауы мүмкін.

"Мен нені дұрыс жасамадым? Менің кінәм неде?" деп өзіңе қоятын сұрақтар тізімін шексіз жалғастыруға болады. Елеске айналуды жөн көрген адам қорқақ болғаны, әйтпесе оған ұнамаған нәрсені немесе басқа адамды кездестергенін айтқан болар еді, не болмаса қазір қиын жағдайда жүргенін, бір шешімге келгісі келетінін түсіндірер еді. Кез келген анық жауап мәселенің шешімі болар еді. Бірақ ол оған қабілетті емес. Оның стратегиясы - қашу. Оның себебін сол адамның жеке психотерапевтісі іздесін.

Не істеу керек? Ештеңеге кінәлі емес екеніңді біліп қой. Оған сенімен байланысуға қандай "үлкен кедергілер" бөгет жасады деген болжам жасама. Қажет болған кезде біз қабырғалардан өте аламыз. Бірақ ол бұлай жасамады. "Гостердің" өзіндік психологиялық процестері мен ішкі жанжалдары бар. Елес адамға уақыт пен күш жұмсама, одан жауап күтпе. Жағымсыз оқиғадан кейін тезірек қалпыңа келуге тырыс. Контактілер тізіміндегі тағы бір телефон нөмірі болғанша, саған шынайы қызығушылық танытқандарға назар аударғаның дұрыс.
Мостинг (Mosting)
Бұл гостингтің күрделі формасы. Серіктес алғашқы кездесуден-ақ көп көңіл бөледі, қошемет сөздерді жиі айтады, сезімін білдіреді. Сөйтіп, сен эмоционалды түрде қарым-қатынасқа толығымен беріліп, өмір бойы іздеген махаббатыңды кездестіргеніңе жүз пайыз сенімді болғанда, соққы мен ауыр азапқа тап боласың. "Сүйіктің " кенеттен сөндіргішті ажыратқандай болады. Ол радардан жоғалып, қоңыраулар мен хабарламалар еленбейді, кездесулерге келмейді.

Не істеу керек? Уытты қатынастың осы түрінің қауіптілігі мынада: сен эпицентрде бола отырып, сәтті таныстыққа және серіктестің шынайылығына сеніміңді ұзақ уақытқа жоғалтасың. Айтылған қошемет сөздерден бір құйтырқылықты сезесің. Есіңде болсын: барлық ер адам немесе әйел өзін олай ұстамайды. Шындығында, бұндай адамдар әлем халқының өте аз бөлігін құрайды. Танысу кезіндегі маңызды нәрсе - сондай адамдарды тез анықтап, олардан аулақ болу. Алғашқы белгі - бұл тым көп қошеметтер айту, оған қоса неке, болашаққа үлкен жоспарлар мен өмір бойғы зор махаббат туралы әңгімелер.
Хайпинг (Hyping)
Бұл хостинг пен мостингке өте ұқсайды. Оның айырмашылығы — мұндай қарым-қатынаста сен жұбаныш сыйлығы, аралық станция боласың. Серіктес дәл солай саған қошемет сөздерін жаудырады, керемет ортақ жоспарлар құрады. Бұл - шынайы мезеттік ықылас емес, саналы айла-шарғы. Сенің алданғаның оны зор қуанышқа бөлейді, сенің шаттануың - ол үшін жай ғана допинг. Бұл өзін жоғары бағалаудың бір жолы.

Нарциссизмге бейім адамдар жиі осылай әрекет етеді. Олар сені емес, оған деген сүйіспеншілігіңді жақсы көреді. Сезім қаншалықты тез пайда болса, соғұрлым оларға қызықты.

Не істеу керек? Бұл қарым-қатынастан зардап шеккен адам оны пайдаланып кеткендей сезімде болады. Бірақ таныстықтың әуел басында жасауға болатын қарсы әрекет бар. Көп әңгіме айтып, уәде береді ме? "Шындыққа тексер" - сөздерді іс-әрекеттермен салыстырып, сыни тұрғыдан ойлан. Сұрақ қой: мұны қалай істейсің, сонда менің өмірім қандай болады? Егжей-тегжейлі сұрақтар мен нақты әрекеттерге келгенде, "әңгімеші" "Мен сені әлемнің шетіне дейін апарып, жұлдыздарды сыйлаймын" дегеннен басқа ештеңе жауап бере алмайды. Алайда, ғарышқа ұшатын аппаратын көріп, жол жүру құнын білген дұрыс болар. Ішкі түйсігіңді тыңда — ол жиі белгі береді, дегенмен оған сенгің келмейді!
Орбитинг (Orbiting)
Гостерлер мен мостерлер қайтып оралуы мүмкін. Олар кенеттен сенің жазбаңа немесе фотосуретіңнің астына лайк қояды. Кейде бұл өте ескі фотосурет болады. Ол менің аккаунтымның ішінен оны табу үшін көп тырысқан болар деп аң-таң боласың. Мүмкін, ол әлі де мені ойлайтын шығар? Немесе "мен осындамын" деп қысқа түсініктеме қалдырады.

Бірақ бәрі де айдан анық: бізді орбитада ұстайды. Ол бізді бақылай алатын қашықтықта ұстайды және біз бұл туралы білетін боламыз. Бірақ тікелей байланысқа шықпайды — хабарламаларға, телефон қоңырауларына жауап бермейді, кездесулерге келмейді.

Не істеу керек? Сен жасай алатын ең қарапайым және сенімді нәрсе - сенің профиліңе қол жеткізе алмайтындай етіп, барлық әлеуметтік желілерде, платформаларда "орбитерді" шектеу, оның нөмірін телефонның қара тізіміне енгізу. Тек осылай ғана сенің одан тәуелсіз екеніңді түсінеді. Егер ол қайтадан келіп қалса, мықты бол және оның саған деген қатынасын ешқашан ұмытпа. Мұндайға ешкім лайық емес.
Бенчинг (Benching)
Серіктесің сені қосалқылар қатарында ұстайды. Ол мезгіл-мезгіл хабарлама жіберіп тұрады, бір шыны кофеге шақырады. Саған қызығушылық танытқандай болады, ол тартымды, сыпайы, барлық белгілері бойынша сені ұнататындай көрінеді, бірақ әрі қарай қадам жасамайды.

Кейде мұндай қарым-қатынас виртуалды кеңістіктен шын өмірге ешқашан енбейді. Сенімен бірнеше апта бойы және өте ашық түрде хат алмасуы мүмкін, бірақ ешқашан кездесуді ұсынбайды. Серіктесің өмірінде кездестірген ең жақсы адам екендігіңе сенімді емес. Саған ғашық болмай, жақын ұстайды. Мүмкін, мінсіз біреу кездесіп қалар.

Не істеу керек? Не болып жатқанын түсінбейсің. Тағы қанша күту керек? Біз қарым-қатынастан ашықтықты, адалдықты, шынайы жақындықты күтеміз. Қосалқылар қатарында болғың келмейтінін ашық айтуға дайынсың ба?
Касперинг (Caspering)
Бұл "лайт" форматындағы гостинг. Серіктесің кеңістіктен жоғалып кетеді. Бірақ мұны жайлап, біртіндеп, жанымызды бірден ауыртпай жасайды. Атауы Каспер атты сүйкімді мультфильмдік елестен алынды. Сендер таныстыңдар, бірге уақыт өткіздіңдер, бір-біріңе жағымды сөздер айттыңдар. Жаныңа жақын адамдай көрінді, жүрегіңнің түбінде ортақ болашақ туралы армандадың. Тек ештеңе шықпады.

Бірақ гостингтен айырмашылығы, касперингте адамның түсіндірмесі болады. "Тыңда, мен жақсы уақыт өткіздім, бірақ арада ұшқын жоқ, кешір" немесе " Жақсы уақыт өткізгенім үшін рахмет, сен өте жақсысың, әдемісің, бірақ менде зор сезім жоқ, түсінесің бе? Өкінішті". Кейде болашақ елес ештеңе түсіндірместен, біртіндеп қарым-қатынастан кетеді. Нені түсіндіру керек? Бәрі де түсінікті ғой.

Не істеу керек? Қарым-қатынасты тоқтатудың бұл түрінде кірбің қалып, жаның ауырады. Бірақ гостинг немесе мостинг жағдайларына қарағанда, күйзелісі аз. Тым болмаса, түсіндіргеніне де рахмет. Қарым-қатынастың басында интуицияның кез келген белгілеріне назар аудар: ол көп уәде беріп, аз істей ме? Немесе шынымен де ұшқынның жоқ екенін сезесің, хабарлар қызықсыз және сирек, бірақ сен өзіңді мұның бәрі уақытша, әлі бәрі жақсы болады деп сендіресің. Мұндай қарым-қатынасты созып, өзіңді болмас іспен жұбатпа.
Бредкрампинг (Breadcrumbing)
Сөзбе-сөз аударғанда, "нан үгіндісімен тамақтандыру" дегенді білдіреді. Онлайн танысу үшін өте кең таралған құбылыс. Бұл жалған үміттерге толы байланыс. Бенчингтен айырмашылығы, мұнда нақты қызығушылық пен флирт бар. Бірақ салауатты қарым-қатынасқа қарағанда, мақсаты мүлде басқа, мұнда флирт - бұл алдағы кездесуге апаратын көпір ғана.

Белгілі нан үгінділері — бұл Instagram фотосуреттерінің астындағы қысқа пікірлер, "жай ғана сен туралы ойладым" сияқты мәтіндік хабарламалар немесе қайта-қайта қоятын көптеген лайктар мен смайликтер. Бұлай бірнеше аптаға және айға созылуы мүмкін. Әрі қарай не? Ештеңе. Көбінесе мұндай әдістерге сенің есебінен өз нәпсісін қандырғысы келетіндер жүгінеді, ал саған бұл аздық етеді.

Көбінесе мұндай адамдар нақты өмірде қарым-қатынаста болады, оған көңілі толмайды, бірақ олар ештеңені өзгерткісі келмейді немесе өзгертуге батылы жетпейді. Смартфонның қауіпсіз ортасында олар өзбағаланымын арттырады, өздеріне деген қызығушылықты көріп, өзін-өзі алдайды.

Не істеу керек? Бұл қарым-қатынасты аяқтау керек. Одан ештеңе шықпайды. Неге ешбір қайтарымсыз басқаның игілігі үшін электр станциясы ретінде жұмыс істеуің керек?
Материал дереккөзі::
psychologies.ru

Сурет дереккөзі: behance.net


Сондай-ақ оқитындарыңыз
ЖІБЕРІЛІМ
© UYATEMES.KZ