Қашықтықтағы қарым-қатынасты қалай сақтауға болады?

Кейде мұндай қарым-қатынас сәтсіз аяқталатындай көрінеді, бірақ қашықтықтан үйлесімді қарым-қатынасты сақтауға және дамытуға көмектесетін кеңестер жиынтығын ұсынамыз.
1. Хабарламалар, қоңыраулар, Skype және электрондық пошта арқылы мүмкіндігінше жиі сөйлесуге тырысыңдар (күн сайын хабарласқан дұрыс). Үнемі байланыста болып, бір-біріңнің күнделікті өмірлеріңде алатын орындарың маңызды.

2. Қарым-қатынастың басында екеуіңнің де одан бір нәрсені күтетіндеріңе көз жеткізу үшін бір-біріңе маңызды сұрақтар қойыңдар. Бір-бірлеріңе кім болатындарыңды анықтаңдар: кездесіп жүрсіңдер ме, әлде бір қалада болған кезде қуана кездесетін жай ғана таныстарсыңдар ма немесе атастырылғансыңдар ма? Мүмкін, серіктесің үйлену тойына дайын деп ойлайтын шығарсың, ал ол болса, мұндай маңызды қарым-қатынасқа дайын емес. Иә, бұндай ыңғайсыз сұрақтарды қою қиын, бірақ олар түсінбеушілік пен ренішті алдын алу үшін қажет. Қарым-қатынастарың үшін біреуің басқа қалаға көшуге дайынсың ба, жоқ па, сонымен қатар әрқайсың қарым-қатынаста не іздейтіндеріңді талқылауға болады. Мақсатыңды әуел бастан айта отырып, өзіңе де, жақын адамыңа да жеке қалауы мен армандарына сай әрекет етуге көмектесесің.

3. Ара-қашықтыққа қарсы тұрып, бір нәрселерді бірге жасаңдар. Бір-бірінің жанында тұратын ғашықтар көп уақытын әңгімеге емес, бірге уақыт өткізуге жұмсайтыны туралы ойлан. Қашықтықтан да бұлай жасауға болады, мысалы, бір уақытта бірдей бағдарламаны немесе фильмді көріңдер, желіде ойын ойнаңдар, Skype арқылы сөйлесе отырып, кешкі ас әзірлеңдер, бір кітапты оқыңдар немесе фильмді бірге көріңдер.

4. Барлық мүмкін жолдармен байланысып тұрыңдар. Күнделікті бір-біріңді көре алмайтындықтан, эмоционалды байланысты сақтау маңызды. Бұл кешке телефонмен ұзақ сөйлесу керек дегенді білдірмейді. Мессенджерлермен қысқа хабарламалар алмасыңдар.Ұсақ-түйек жеңістерің, қуаныштарың мен қиындықтарың туралы жазыңдар. Бір-біріңнен кеңес сұраңдар. Ал, электронды хаттарды терең ойланып, ұзақ жазған дұрыс, одан сүйікті адамың ол туралы не ойлағаныңды және осы хатты жазуға біраз уақыт жұмсағаныңды көреді. Сезіміңді білдіретін романтикалық хабарлар жаз. Еш себепсіз кішкентай сыйлықтар, гүлдер мен ашықхаттар жібер. Бұл жағдайда сапасы сияқты саны да маңызды. Әрине, ортақ, маңызды және онша маңызды емес күндерді ұмытпауға тырыс. Олардың әрқайсысы туралы телефонға дереу ескертпе қойған дұрыс.

5. Қашықтықтағы қарым-қатынастың артықшылықтары туралы ойланыңдар: сендер достарыңмен және отбасыларыңмен көп уақыт өткізе аласыңдар, тұрмыстық ұсақ-түйектерге байланысты ұрсыспайсыңдар (сусабын бөтелкесін жабу керек сияқты), әр кездесулерің эмоцияларға толы, сүйікті адамыңа ашуланбайсың, тіпті саған жазған хаты дөрекі болып көрінсе де, жауап қайтармас бұрын біраз ойлана аласың. Мүмкін, хатты бірнеше рет қайта оқып, талдағаннан кейін онда сені қорлайтын ештеңе жоқ екенін түсінесің. Ең бастысы - бірге өмір сүретін және барлық бос уақытын бірге өткізетін жұптарға қарағанда, бір-біріңнен алыста бола отырып, өздеріңнің даралықтарыңды сақтайсыңдар.

6. Араларыңда ортақ қызығушылықтар болу керек және оларды үнемі талқылап отыру қажет. Екеуің де велосипед тебуді ұнатасыңдар ма? Бір уақытта синхронды велосипед тебіңдер, содан кейін қоңырау шалып, эмоцияларыңмен бөлісіңдер. Ортақ хоббиларыңа уақыт бөлген кезде, сүйікті адамыңды еске түсіретін боласың.

7. Серіктесіңді қадағалауға тырыспа. Екеуің де қарым-қатынасқа қызығушылық білдіргенше, оны қолдайсыңдар. Егер біреуің қарым-қатынасты қаламасаңдар немесе оның өмірінде басқа адам пайда болса, қарым-қатынас аяқталады. Бір-біріңнен 3000 км қашықтықта, бір қалада немесе бір бөлмеде тұрып жатсаңдар да мұндай жағдай орын алуы мүмкін.

8. Бір-бірің үшін бір нәрсе жасаңдар. Бұл қарым-қатынас үшін бәрін тастау керек дегенді білдірмейді. Мүмкін, көптен бері айналысқыларың келген нәрселер бар шығар, бірақ мотивация болмады. Бұл жағдайда сен оны серіктесің үшін жасап бастауыңа болады. Мысалы, темекіні тастау немесе аспаздық шеберлігіңді жетілдіру. Кездесуде өз жетістіктеріңмен бір-біріңе мақтанып, қандай да бір сәттердің қаншалықты қиын болғанын талқылауға болады.

9. Қандай бағытта екендеріңді білу, қазір не үшін тырысып, қашықтықтағы қарым-қатынас қиындықтары мен проблемаларын бастан өткеріп жатқандарыңды түсіну үшін болашаққа қатысты ортақ жоспарларыңды талқылаңдар.

10. Жиі кездесіп тұрыңдар. Егер тек телефонмен сөйлесетін болсаңдар, қарым-қатынас үйлесімді дамымайды. Көрісу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланыңдар. Тұрақты сапарларды жоспарлап, оны қатаң ұстаныңдар. Тек нақты тәртіп қана қарым-қатынасты сақтауға көмектеседі.

11. Ең жақсы деген қарым-қатынасты жоюдың қарапайым әдістерінің бірі - сенімсіздік пен қызғанышқа жол беру. Ұзақ мерзімді қарым-қатынасты бастағанда, олармен байланысты қиындықтарға дайын болуларың керек. Өз серіктесіңнің адалдығына сенімді болуың керек. Егер сүйікті адамың достарымен бірге кешке барса, үйге келгенде неге қоңырау шалмадың, SMS жібермедің, неліктен кешіктің және неге таңертең телефонды алмадың деп артынан жауап алудың қажеті жоқ. Қарым-қатынас үйреншікті өмірді кідіртеді деп ойлама. Ойын-сауықтан бас тартпа, достарыңмен кездес, өміріңнен ләззат ал. Дегенмен, балансты сақтаңдар, аңғалдық танытып, серіктесіңнің опасыздығын айқындайтын фактілерге көз жұма қарамауың керек. Бірақ шамадан тыс күдіктеніп, өзіңнің де, оның да мазасын алма.

12. Позитивті көңіл-күйде бол, қашықтықтағы қарым-қатынастың жағымсыз жақтарына бір минутқа да назар аудармаңдар. Иә, сен сүйікті адамыңнан алыстасың, бірақ оқуға, жұмысқа, хоббиге, қызығушылықтарыңа көбірек көңіл бөле аласың. Сонымен қатар, мұндай қарым-қатынас үнемі қарым-қатынастың жаңа тәсілдерін ойлап табуға мәжбүр етеді, шығармашылық қырларыңды ашады, бұл өмірдің барлық салаларына оң әсерін тигізеді. Сенің жақсы көңіл-күйің сүйікті адамыңа да беріліп, бір-бірлеріңнің қолдауын сезінесіңдер.

13. Оған деген жылуыңды сезіну үшін сүйікті адамыңа өзімен бірге алып жүруге болатын ұсақ-түйек бұйымша сыйла. Мұндай сүйкімді заттар бақытқа бөлеп, сені есіне түсіретін болады.

14. Үйлесімді қарым-қатынас - қиын жұмыс. Екі серіктестің де мұны түсініп, сенім, өзара түсіністік және жігерлілік негізінде құрылуға тиісті қарым-қатынастың пайдасы үшін тырысқаны маңызды. Күтудің орындылығы туралы ұмытпаңдар (2-тармақта не туралы сөйлестік). Не өзгергенін және әлі де бір-біріңе деген қызығушылықты жоғалтпағандарыңды түсіну үшін бір-біріңе мезгіл-мезгіл сұрақтар қойып тұрыңдар.

15. Қарым-қатынас негіздерінің жеке тізімін жасап, қол қойыңдар. Бұл бірге жұмыс істейтін ортақ мақсат болады. Тізімде не болуы мүмкін? Мысалы: бір-бірін сол қалпында қабылдау; адал болуға және бір-біріне сенуге тырысу; ымыраға ұмтылу; рухани бірлікті іздеу; қарым-қатынастағы проблемалар мен наразылықтар туралы ашық айту.

17. Қарым-қатынаста екеніңді ұмытпа. Сүйікті адамыңды қолдау керек. Егер ол қиыншылыққа тап болса, проблемалары болса, осы сәтте оның жанынан табылу үшін бәрін жасау керек, кем дегенде, әрқашан байланыста болуың керек. Егер барлық қиыншылықтармен жалғыз күрессеңдер, онда қарым-қатынастың не қажеті бар?

18. Сирек кездесетіндіктен, бірге болу мүмкіндігінен барынша көп пайда мен ләззат алуларың керек. Бір-бірлерің үшін тартымды болып қалу өте маңызды. Егер толқу сезімін қолдап тұрмаса, уақыт өте келе ол жоғалады.
Материал дереккөзі:
psychologies.ru

Сурет дереккөзі: behance.net


Сондай-ақ оқитындарыңыз
ЖІБЕРІЛІМ
© UYATEMES.KZ