Өзіңді өзің жоғары бағалау және өзіңе деген сенімділігіңді арттыру

Өз қадіріңді өзің кетіресің бе? Өзіңе деген сенімділігіңді мүлдем сезінбейсің бе? Бұл мәселеде сен жалғыз емессің, көптеген адамдар өзін солай сезінеді. Бірақ өз-өзіңе сенімдірек болудың және өзіңді өзің жоғары бағалаудың әдістері бар!
Өзіңнің ең жақсы нұсқаңа айнал

Өзіңді өзің бағалау деп өзің жайлы ойыңды, пікіріңді айтамыз. Өзіңе деген сенімділік – өзіңнің сырт келбетің мен сезімдерің арқылы өзіңді жайлы сезіну. Бұл дегеніміз өз-өзіңді ұнату, өз қабілеттеріңнің, ойлау деңгейіңнің ұнауы.

Өзіңе деген сенімділік дәл осы уақыттағы әрекеттеріңе байланысты. Мектептен тыс уақытта сен өзіңді еркін және босаң ұстасаң, ал мектепте ұялшақ келетін шығарсың. Бұл қалыпты жағдай. Мектепте көп адамның ортасында ойындағыңды білдіріп, өзің болу қиын.

Өз-өзіңе сенімділік бірден келмейді, дегенмен біз саған көмектесеміз. Кішкентай ғана қадамдар үлкен өзгерістерге әкеледі.
Істеп көруге болатын 5 нәрсе
  1. басыңды көтеріп жүр
  2. ашық түсті киімдер ки
  3. жаңа нәрсемен айналыс
  4. дұрыс тамақтан
  5. спортпен шұғылдан
Өзіңе деген сенімділігіңді арттыру үшін
Өз-өзіңе сенімділік бірден келмейді, ал мына кеңестер кез келген жағдайда өзіңе сенімді болуға көмектеседі.

Өз-өзіңе сенімді жандай бол
Қандай да бір қасиетке ие болғың келсе, сол қасиет бойыңда бардай әрекет жаса. Егер сен өзіне сенімді жандай көрінгің келсе, машықтану керек, яғни абыройыңды жоғары ұстап, басыңды көтеріп жүр, ашық түсті киімдер ки. Ал, ұялшақ келсең, мектепте ешқашан сөйлеспеген біреумен тілдесіп көр. Басында қорқынышты болады. Бірақ алғашқы қадамнан кейін сенімділік пайда болып, аз-аздап бәрі табиғи түрде шығады.

Өзіңе басқаша көзқараспен қара
Қамығып, өзіңді нашар сезінсең де, өзіңдегі ұнайтын бір қасиетті табуға тырыс. Ол шаштарың, сенің әзіл-сықақ сезімің, музыкалық талғамың немесе футболдағы қабілеттерің болуы мүмкін. Бастасаң болғаны, басқа да көптеген жағымды қасиеттеріңді табуың ғажап емес, ал бұның ұнамды бейнеңді қалыптастыруға көмегі тиеді.

Сөздеріңе абай бол
Кейде айтқан сөздерің көңіл-күйіңе және басқалардың сен жайлы пікіріне қатты әсер етеді. Қойылған сұраққа бірден жауап қайтаруға асықпа. Түсініксіз бірдеңе міңгірлегенше, азғана кідіріп, айтатын нәрсеңді ойланып ал.

Сұрақты түсінбегеніңе сенімді болсаң, оны қайталауды өтін, немесе түсінбегеніңді ашық айт. Жауапты білетіндей күй танытпа. «Солай сияқты», «олай емес» деудің орнына «иа», «жоқ» сөздерін қолдануға тырыс. Сонда айтар сөздерің анық және сенімдірек шығады.

Жаңа нәрсемен айналыс
Күн сайын жаңа нәрсемен айналысуға тырыс. Әдетте жасамайтын болмашы нәрсе болса да мейлі. Мәселен, шашыңды жаңа бір үлгімен жасап көр, сабақта жауап беру үшін қолыңды көтер немесе спорттық секцияға жазыл. Жаңа бір нәрсемен айналысқан сайын сен жайлылық аймағынан шығасың, ал бұл бәрін жаңа парақтан бастауға болатын мүмкіндік. Осындай аз ғана өзгерістерден сезінетін шаттық әсері сенімділігіңді арттырады.

Музыка тыңда
Музыка бізге зор ықпал етеді. Өзіңнен күмәнданған сайын әсерлі жағымды әуенді тыңда.

Дұрыс тамақтансаң, өзіңді жақсы сезінесің
Тән денсаулығыңа көңіл бөл. Оның өзіңе сенімді болуда көмегі зор. Дұрыс тамақтану мен дене жаттығулары өміріңді жақсы жаққа қарай өзгертеді. Қытырлақ картоп, шоколад, «қытай» кеспесін және т.б. өңделген тамақты жемеуге тырыс. Сонымен бірге кофені шамадан тыс ішудің қажеті жоқ. Жаңа піскен жемістер мен көкөністерді жеп, көбірек су ішкенің абзал.

Мейірімділік таныт
Досыңа көмектес немесе сенен ешкім өтініп сұрамаса да, өз ынтаңмен үй шаруасында қол ұшын бер. Көп уақыт сөйлеспеген досыңа немесе туысыңа қоңырау шал. Бәліш пысырып, түскі ас дайында. Көрші әжеге сөмкесін жеткізуге немесе дүкеннен азық-түлік әкелуге көмектес.

Басқаларға жәрдемдескенде,олардың сені қадірлейтінін сезінесің. Әр адамға бұл маңызды.

Өзің туралы ойларыңды өзгерт
Бәрі жақсы болған сәттер мен өзіңе қатаң көзбен қараған сәттерді сезіну маңызды. Егер де сен кідіріп, осындай сәттерді байқап жүрсең, сенің өзбағаланымың артып, өзіңді жақсырақ сезінесің.

Ал, өзіңді қашанда ұрсуға дайын тұрсаң, бұл қасиетің жағымды ойлауға кесірін тигізеді. Бірақ сен «көңіл-күй журналын» бастауыңа болады.
Күн сайын журналға қандай көңіл-күйде жүргеніңді жазуға тырыс. Осылайша сен жағымсыз ойлардың пайда болу сәттерін аңғарып, неліктен болатынын түсінесің.

Өзің туралы жағымсыз ойлар келген сайын олардың қаншалықты шындыққа жататынын анықтайтын сұрақ қой. Бұлай ойламас үшін жағымды себеп табуға тырыс. Оны үйрену үшін өзі жайында жағымсыз ойларға берілген кездегі досыңның не құрбыңның түсінігін қалайша өзгертуге болатынын ойланып көр.


Суреттер дереккөздері: AJ Samera, Lara Odell


Сондай-ақ оқитындарыңыз
ЖІБЕРІЛІМ
© 2018-2019 UYATEMES.KZ