Қызыңды ешкімге сеніп қалдырма

Ес білгелі менің әкем болмаған. Мен туған соң, көп ұзамай анаммен ажырасқан екен. Анам екінші рет тұрмыс құрып, өгей әкемнен тағы 3 бауырым дүниеге келді. Өкініштісі, ол кісі де анамды балаларымен жалғыз қалдырып, қолындағы бар ақшасын алып қашты. Содан анам бізді алып, Алматы қаласына келуге мәжбүр болды. Ол кезде менің жасым 5-те еді. Анам базарда сауда жасайтын. Сауда жасап, кешке үйге шаршап келетін де құлайтын. Біз далада жүріп, топырақ жеп, әйтеуір, солай өсе бердік.

Анамда кішкене қаржы болғаннан соң, қасына көмекші етіп адамдарды алған еді. Ол сәттер қатты есімде жоқ. Бірақ сол оқиға жадымнан өшпестей сақталып қалды. Анамның бір көмекшісі болатын. Ол ер адам еді, жасы шамамен 20-25-терде. Күнде түсте бізді, яғни кішкентайларды ұйықтататын. Анамның қыз көмекшілері де болатын, бірақ неге сол ер көмекшісі бізге қарайтыны есімде емес. Ол маған фокус көрсететін, яғни майкасын теріс киіп жатып, оң болып кететін. Бес жасар қызға одан керемет дүние жоқ қой. Солай мені алдап, өзіне жақындататын. Жатқызып қойып, астымды уқалайтын. Мен ол кезде ештеңе түсінбейтінмін. Қолын тығып, ондай ештеңе істемеген. Тек солай күн сайын түсте жасайтын еді.

Кейін ол ер адам жұмыстан шығып кетті. Анам үй алып, бізге қарайтын жақсы нянялар келетін болды. Есейгеннен соң, ол адамның маған істегені жаман екенін білдім. Ер адамдарға деген қорқыныш әрі жек көру де пайда болды. Қазақта "пәктік" дегенге қатты қарайды ғой. Бой жеткенімде жігіттер "пәксің бе?" деп сұрайтын. Содан оны ғаламтор арқылы біліп, ер адам жақындаса, жоғалатынын білдім. Одан кейін өзіме сенбейтінмін. Мүмкін, кішкентай кезімде сол адам маған тиіскен шығар деген ой қатты мазалайтын. Кейін тұрмысқа шықтым, пәктігім өз орнында болды.

Айтпағым, болашақ аналар немесе қызды болған аналар! Өтініш, біріншіден, қыздарыңызды ұлы бар туыстарыңыздың, достарыңыздың, яғни ешкімнің үйіне қалдырмаңыздар! Бір сағатқа болсын! Себебі, сіз ол үйдің атмосферасын білмейсіз, балалары қандай нәрсені көретінін, қандай тәрбие алғанын білмейсіз. Сондықтан ешкімге сенбеңіз! Талай туысқан еркектердің өз қарындастарын зорлап қойғандарын білмей қалып жатады. Екіншіден, қызыңызбен ашық сөйлесіңіз. Бой жете бастағанда жігіті бар ма, бар болса, ол қандай деген сұрақтар қойыңыз. Сонымен қатар қызыңызға егер ол пәктігінен айырылып қалған жағдайда, сіз оған ұрыспайтыныңызды, тек өтірік айтпауын және ештеңені жасырмауын қайталай беріңіз. Оған пәктікпен өмір бітпейтінін, қандай мәселе болса да, шешуге болатынын түсіндіріңіз. Аяғы ауыр болып қалған жағдайда да жасырмауын айтыңыз. Барынша қыздарыңызбен жақын болыңыз. Қыз тез есейеді, еліктейді, ғашық болады, сезімге беріледі. Ақыл айтудан, мысал келтіруден жалықпаңыз.



Жасмин, 29 жас
Сондай-ақ оқитындарыңыз
ЖІБЕРІЛІМ
© 2018-2019 UYATEMES.KZ