Жыныс жолдарымен берілетін инфекциялар

Жыныс жолдарымен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) адамнан адамға сексуалдық қатынас арқылы жұғады. ЖЖБИ-ды жігіттен де, қыздан да жұқтырып алуға болады, сондықтан әрқашан қауіпсіздікті сақтап, өз сексуалды денсаулығыңды күту керек.

Осы парақта:

Қалай сақтану керек

ЖЖБИ түрлері

АИТВ: нені білу керек

АИТВ мен ЖИТС айырмашылықтары

Калай сақтану керек

Қорғалмаған секспен айналысқанда, ЖЖБИ-ды жұқтырып алу қаупі бар (кейде бұл инфекцияларды жыныс жолдарымен тарайтын аурулар деп те атайды – ЖЖТА). Денің сау болса да, секспен айналысатын адамыңның ауру болуы мүмкін.

Секс кезінде инфекциялардан қорғану үшін мүшеқапты қолданудың көмегі зор.   Мүшеқаптар ЖИТС орталықтарында тегін беріледі. Жүктіліктің алдын алу үшін мүшеқаппен қатар өзге де контрацепция құралдарын қолдануға болады.

Егер де мүшеқапсыз секспен айналысқан болсаң, ЖЖБИ-на тексеріл. Яғни, поликлиникада анализдер тапсыру керек, егер қажет болса, дәрігер ем жасайды.

Инфекция түрлері

Хламидиоз

Жиі хламидиоздың немесе хламидиялық инфекцияның ешқандай белгілері болмайды. Бұл инфекция болған күнде де адам ол туралы білмей, басқаларды да жұқтыруы мүмкін деген сөз. Кейде мынадай симптомдар болады:

  • зәр шығару кезінде күйдіріп ашу
  • жыныс мүшесінен (пенистен), қынаптан немесе артқы тесіктен (анустан) бөліністердің бөлінуі
  • әйелдер секс кезінде ауырсынады немесе етеккір аралығындағы кезеңдерде қан келеді.

Емделмеген жағдайда хламидиоз әйелдерде бұдан да ауыр дертке, ал еркектерде атабездің инфекцияларына әкелуі мүмкін. Хламидиоз жағынды немесе несеп талдаулары арқылы жеңіл анықталады, және де антибиотиктермен емделеді.

Гонорея

Гонорея да ЖЖБИ-на жатады, оның жиі белгілері жоқ. Дегенмен, әйелдер зәр шығару не секс кезінде ауырсынып,  жағымсыз иісі бар сарғыш-жасыл бөліністер бөлінеді.

Еркектерде гонореялық инфекциядан атабезі ауырсынып, жыныс мүшесінен (пенистен) сарғыш бөліністер болады.

Осындай бөліністер аналды секс болған кезде артқы тесік (анус) тұсында да болуы мүмкін. Гонорея жағынды немесе несеп талдаулары арқылы жеңіл анықталады, және де антибиотиктермен емделеді.

Сифилис

Сифилис – секс арқылы, оның ішінде оралды секспен де берілетін ЖЖБИ. Әдетте симптомдары болмайды, бірақ кей кездері мынадай белгілері болуы мүмкін:

  • алғашқы белгілері – ауырсындырмайтын жаралар (шанкр)
  • соңғы белгілері– дененің кез келген жеріне шығатын бөртпелер.

Сифилис – ауыр дерт, егер де оны емдемесе, ол дененің басқа да мүшелерін зақымдайды. Сифилис антибиотиктермен емделеді, ал оны анықтау үшін қан талдауын жасау керек.

Генитальды герпес

Генитальды герпес – сексуалдық қатынаста, тері қатынасында және оралды сексте жұғатын вирус. Осы вирус суық тигенде ерін герпесінің пайда болуына да себепші.  Ол сенің сыртқы жыныс ағзаларыңды, артқы қуысты (анусты) және ауызыңды зақымдайды. Егер де жұқтырып алған болсаң, сыртқы жыныс ағзалары, артқы қуыстың (анустың) және ауыздың тұсында қышу мен күйдіріп ашуды сезінесің. Кейіннен жарылып, ауыртатын қотырларға айналатын кішкене ғана көпіршіктер пайда болады.

Генитальды герпес сәтті емделеді, бірақ ол ағзадан толық кетпейді. Сондықтан қажыған не әлсіреген кезде белгілері қайтадан пайда болуы мүмкін.

Генитальды сүйелдер

Генитальды сүйелдер вагиналдық (қынап), аналды және оралды секс кезінде терінің жанасуы арқылы жұғады. Белгілері – сүйелдердің пайда болуы. Олар қол буындары мен саусақтарында болатын кәдімгі сүйелдер түрінде немесе тегіс те қатты болуы мүмкін. Сүйелдер саны мен көлемі бойынша үлкейіп, өсе береді.  Егер де сүйел пайда болған жағдайда дереу емделу қажет.  

Әдетте сүйелдерді кремдермен және сұйықтықтармен емдейді, бірақ бұл олардың көлеміне байланысты. Сонымен қатар оларды емдеу үшін тоңазыту немесе хирургиялық ота жасау әдістерін қолданады. Генитальды сүйелдер сәтті емделеді, алайда оларды вирус қоздыратындықтан, ауырған не қажыған жағдайда қайтадан пайда болуы мүмкін.

АИТВ: нені білу керек

АИТВ – қорғалмаған секс кезінде адамнан адамға жұғатын адамның иммундық тапшылық вирусы. Осы вирус  ағзаны басқа аурулар мен вирустардан қорғана алмайтындай жағдайға жеткізіп, иммундық жүйені әлсіретеді, зақымдайды.

Егер адам АИТВ-на шалдыққан болса, ол бір уақытта қалтырау, бөртпе және тамақтың ауруы сияқты белгілерді сезінеді. Бұл белгілер жұқтырып алғаннан соң 10 күннен кейін де, 4 жұмадан кейін де пайда болуы мүмкін.

АИТВ қалай жұғады?

АИТВ инфекциясына шалдыққан адамның қан немесе шәует (сперма) сияқты дене сұйықтықтары сай адамның  денесіне енген кезде жұғады.

Шәует (сперма) – сперматозоидтары (аталық жыныс жасушалары) бар сұйықтық.  Ол секс кезінде еркектің жыныс мүшесінен (пенистен) бөлінеді. АИТВ оң статусы бар (АИТВ инфекциясына шалдыққан) адам шәуетінде (спермасында) АИТВ болады, сондықтан оны жұқтырып алу оп-оңай.

АИТВ-сын кім жұқтырып алуы мүмкін?

АИТВ-сын кез келген адам – гомосексуал немесе гетеросексуал, ер адам және әйел адам, жас пен кәрі де жұқтырып алуы мүмкін. Қорғалмаған секспен айналысатындар немесе инъекция арқылы есірткі қабылдайтындар қатары тәуекел аймағына кіреді.

АИТВ инфекциясына шалдыққан не шалдықпағаныңды қалай білуге болады?

АИТВ оң адам жылдар бойы өзін сау сезінуі мүмкін. АИТВ адамның иммундық жүйесін 10-15 жыл бойы зақымдайды. Бұл инфекцияға шалдыққан не шалдықпағаныңды білудің жалғыз жолы – вирустың бар-жоғына қан талдауын жасату.

АИТВ-нан қалай қорғану керек?

  • Секспен айналысқан кезде мүшеқапты қолдан; мүшеқап ЖЖБИ мен жүктіліктен сақтайды
  • Өзіне дәрі не есірткі енгізетін адамдар басқалармен бір шприцті қолданбауы тиіс. 

АИТВ-ын қорғалмаған секс кезінде жұқтырып алуға болады. Мысалы, егер де сенің жұбың инфекцияға шалдыққандар қатарынан болып, мүшеқапты қолданбаған болсаңдар. Есірткіні тамыр арқылы енгізетін адамдар бір шприцті қолданған кезде де АИТВ инфекциясын жұқтырып алады.

АИТВ жөтел, түшкірік, сүйіс, тер, жас арқылы, бір дәретхана не бассейнді қолдану арқылы жұқпайды.

АИТВ мен ЖИТС-ның қандай айырмашылықтары бар?

АИТВ – иммундық жүйеге шабуыл жасайтын вирус. Осыған талдау жасалады.

ЖИТС (жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы) – иммундық тапшылық әсері салдарынан ағзаның инфекцияларға, вирустарға қарсы күресе алмауы.   

ЖИТС-ын анықтау бойынша талдау жоқ. Дәрігер бірнеше факторлар негізінде ЖИТС-ын анықтайды.  

АИТВ емделе ме?

Қазіргі уақытта АИТВ-нан ем жоқ. Дегенмен, АИТВ-мен күресуде көмектесетін дәрілер бар, оларды антиретровирустық препараттар деп атайды. Антиретровирустық препараттар ағзаның АИТВ-сын жұқтырып алу деңгейін төмендетіп, иммундық жүйені бұзуға жол бермейді.  Антиретровирустық препараттарды қабылдайтын АИТВ инфекциясына шалдыққан адамдар әдеттегідей өмір сүре алады.

Егер сен секспен айналыссаң, онда мүшеқапты қолдану – өзіңді қорғаудың ең дұрыс жолы.

АИТВ-на қатысты сұрақтарың болса, бізбен немесе ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықпен хабарласуыңа болады.

Cурет көздері: Canhür Aktuglu, Mauricio Alves

Поделитесь:

Leave a Reply