Өтпелі кезең: Ұлдар

Өз тәніңді және ондағы болып жатқан өзгерістерді қабылдай алуың өміріңе біршама ықпал етеді.  Біз саған өтпелі кезеңде немесе басқаша айтқанда жыныстық жетілу кезінде нені күту керектігін айтып береміз.

Жыныстық жетілу – бәрінің басынан өтетін кезең. Осы кезде сен ер жетіп, бозбалаға айналасың. Бірақ бұл құбылыс әр адамда әр түрлі байқалады. 

Жыныстық жетілу процесі қалай өтеді

Тәнің гормондар бөлген кезде дене пішіні мен эмоциялық күй өзгереді. Бұл процестер күйзеліске әкеп соқтыруы мүмкін.

Ұлдардың жыныстық дамып жетілуі шамамен 12 жастан 18 жасқа дейін созылады. Біреулерде ерте, ал басқаларында кеш басталып жатады. Бәріміз де бірдей емеспіз ғой.

Осы кезеңнің ұзақтығы да әр түрлі және ол әркімнің даралығына байланысты. Біреуінде өзгерістер екі жылдың ішінде аяқталып қойса, ал басқаларында жыныстық жетілу 4 жылға дейін созылады. Бұл да қалыпты жағдай, және сенімен бірдеңе дұрыс емес дегенді білдірмейді.

Жыныстық жетілу кезінде нені күтуге болады

Осы кезеңде сен көптеген өзгерістерге ұшырайсың. Кейбірі көзге түсерлік болса, мысалы сенің бойың өседі, ал басқа өзгерістер жайында тек өзің ғана сезініп, білетін боласың.

Беттегі және денедегі түктер

Жыныстық жетіле бастағанда қолтық астында, жыныс мүшесі айналасында (қасаға түктері), аяқтарда және денеңнің басқа да бөліктерінде түктер өсе бастайды. Оларды алып тастау-тастамау жөнінде өзің шешесің. Егер түктерді алып тастаймын десең, дүкеннен не дәріханадан ұстара мен қырынуға арналған кремді сатып алуға болады. Кейбір адамдар электр ұстарасын қолданады.   

Терің сезімтал келсе, онда ұстараны қолданғаннан кейінгі тітіркенуді болдырмауға тырысу керек.Ол үшін қырынбас бұрын жуыну қажет. Ал уақыт өте келе ұстараның жүзі өтпей қалады, сондықтан оны ауыстырып, не жаңасын сатып алу керек.   

Басында сирек қырынуға тырыс. Ал жасың келген сайын жиірек қырынып отырған дұрыс.

Эрекция

Эрекция деп жыныс мүшесінің (пенистің) қатаюын айтады. Мұндай жағдай секс немесе саған ұнайтын адам жайында ойлағанда болады. Осындай күйдегі (қозған) пенис иілген болып келуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай, сондықтан қобалжудың еш қажеті жоқ.

Кейде эрекция секс жайлы ойламасаң да болып қалады. Жыныстық жетілу кезінде эрекция жиі түрде күтпеген жағдайда, мысалы мектепте немесе автобуста болуы мүмкін. Сол үшін сен қысыласың, бірақ мұндай жағдай көптеген ұлдардың басында бар. Одан ұялудың керегі жоқ. Есейген сайын ондай құбылыс сирек болып тұрады.

Секс туралы ойлар, сексуалды сезімдер мен еріксіз ұрық шашу

Еріксіз ұрық шашу (немесе поллюция) – жыныс мүшесінен (пенистен) шәуеттің, ұрықтың ұйқы кезінде еріксіз кетуі.  Бұл сұйықтықтың құрамында еркектің репродуктивті жасушалары – сперматозоидтар бар.

Әсіресе, жыныстық дамып жетілу кезінде денеңнің өзгеруі салдарынан секс жайлы ойлар мен сексуалды сезімдердің болуы қалыпты жағдай. Алғашқыда сенімен болып жатқан дүниелер түсініксіз әрі біртүрлі болып көрінер. Бірақ кейіннен денең өзгерістерге үйренген соң, жеңілірек болады.

Әдетте түсіңе сексуалды образдар кіргенде, ұйықтап жатып еріксіз ұрық кетеді. Кейде сен осындай түстерден оянып кетерсің, ал жиі ұйықтап жатасың.

Тершеңдік

Жыныстық жетілгенде сен өзіңнің тершең бола бастағаныңды байқауың мүмкін. Себебі, сенің тер бездерің де өзгеруде және денеңнің қызуын бақылау үшін көбірек тер бөле бастайды. Жағымсыз иісті болдырмас үшін үнемі жуынып, таза киініп жүру өте маңызды. Егер иіске қатысты аландасаң, онда дезодорантты қолдануыңа болады.

Шәуеттің (сперманың) құрылуы

Сперматозоидтар, немесе аталық жыныс жасушалары аталық безде түзіліп, жыныс мүшесінен (пенистен) шәует (сперма) түрінде шығады. Жыныс мүшесінен (пенистен) сперманың шығу процесі эякуляция деп аталады. Эякуляция кезінде шамамен 100 миллион сперматозоид бөлінеді!

Көңіл-күйдің құбылуы

Әдетте жыныстық жетілу кезінде көңіл-күй құбылмалы болып келеді. Бірде өзіңді бақытты сезініп, адамдармен оңай тіл табысып жатсаң, ал бір минуттан кейін долданып, ұрысқақ келесің. Осы кезеңде көңіл-күйің болмай, тез ашулану да қалыпты құбылыс. Бұл да өтер.

Жыныс мүшесі (пенис) жайында

Жыныс мүшесі (пенис) түрлі пішін мен көлемге ие. Жыныс мүшесінің дұрыс көлемі, не пішіні болмайды. Жыныс мүшесі қандай болса да, сен – дені сау адамсың.  Кейде жыныс мүшесіжұмсақ әрі кішкентай болса, ал басқа кездері үлкейіп, қатаяды.

Жыныс мүшесінің көлемі суықтан кішірейуі мүмкін, бірақ температура жылығанда қайтадан қалпына келеді. Біреулердің жыныс мүшесі түзу болып келсе, екіншілердікі иілген болады. Бұл қалыпты құбылыс.

Порнофильмдердегі пенистер

Кей кездері порнофильмдерді көру сенің шынайы өмірді қабылдауыңа кері әсерін тигізуі мүмкін. Порнофильмдегі актерлердің жыныс мүшелері (пенистері) өте үлкен болады. Порно-актерлердің көбісі пенисті үлкейту бойынша операция жасайды.   

Ал шын өмірде еркектердің көбінің жыныс мүшесі порно-актерлердікіне қарағанда кішілеу. Өз тәніңді басқалардікімен салыстырмауға тырыс. Адамдардың бәрі бірдей емес.

Жыныстық жетілу кезінде сенімен болатын 5 нәрсе

  • дауысың жуандайды, басқаша айтқанда дауысың өзгереді
  • бойың өсіп, иығың кеңейеді, бұлшықет массасы өседі
  • безеулер пайда болады, тершең боласың
  • қолтық астында, жыныс мүшесі айналасында, яғни жыныс мүшесі мен ұманың маңайында түктер өседі
  • жыныс мүшесі мен аталық бездің көлемдері ұлғаяды

Cурет көздер: Boinova Maria

Поделитесь:

Leave a Reply