Өтпелі кезең: Қыздар

Өз тәніңді және ондағы болып жатқан өзгерістерді қабылдай алуың өміріңе біршама ықпал етеді.  Біз саған өтпелі кезеңде немесе басқаша айтқанда жыныстық жетілу кезінде нені күту керектігін айтып береміз.

Жыныстық жетілу – бәрінің басынан өтетін кезең.  Осы кезде нені күтуге болатынын білгенің жөн.

Жыныстық жетілу деген не?

Жыныстық жетілу деп шамамен 10 жастан 16 жасқа дейінгі аралықта тәніңде болатын өзгерістерді айтамыз. Біреулерде ерте, ал басқаларда кеш басталып жатады. Бәріміз бірдей емеспіз ғой.  

Осы кезде сен есейіп, бойжеткен қызға айналасың. Гормондар бөлінген кезде дене пішіні мен эмоциялық күй өзгереді.

Кей қыздарда жыныстық жетілумен байланысты өзгерістер екі жылдың ішінде аяқталуы мүмкін. Басқаларында бұл процесс 4 жылға дейін созылады. Бұл қалыпты жағдай, және де сенімен бірдеңе дұрыс емес дегенді білдірмейді.

Тәніңдегі кейбір өзгерістер көзге түсерлік болса, ал басқасы тек өзіңе ғана байқалады. Қандай да бір нәрселер саған оғаш көрінер, сондықтан өзің туралы жаман ойлап қалуын мүмкін. Алайда жыныстық жетілу ол есеюдегі орынды құбылыс, сондықтан өзіңе деген сенімділігіңді жоғалтпағаның дұрыс.

Жыныстық жетілу кезінде нені күтуге болады?

Осы кезеңде сен көптеген өзгерістерге ұшырайсың. Кейбірі көзге түсерлік болса, мысалы сенің бойың өседі, ал басқа өзгерістер жайында тек өзің ғана сезініп, білетін боласың.

Омырауларың және жамбас сүйектері ұлғайып, денең жұмырлана бастайды

Жыныстық жетілу кезінде қыздардың денесі түрлі жылдамдықпен өседі, сондықтан өзіңді басқалармен салыстырмауға тырыс. Омырауларыңның көлемі мен пішіні өмір бойы өзгеріп тұрады.Бұған көптеген жағдайлар әсер етеді, мысалы салмақты қосу немесе одан арылу, жүктілік пен емшек емізу.   

Бәріміз де бірдей емеспіз, әркімнің өзіне тән денесі бар, сол себепті барлық әйелдердің омыраулары да әр түрлі. Омыраудың дұрыс көлемі, не пішіні деген болмайды, алайда біз қашанда оның басқаша болғанын қалаймыз.  Өзіңді басқа қыздармен салыстырмау өте қиын. Әсіресе, «мінсіз» омырауларға ие қыз-келіншектерді біз әрдайым интернеттен, кинодан және журналдардан көріп жүреміз ғой.   

Осы әйелдердің кейбіреулері хирургиялық отаның көмегімен омырауларың үлкейткенін, ал басқалары керісінше кішірейткенін ұмытпау керек. Адамдардың сымбатты болып көрінуі үшін журналдардағы фотосуреттер өңделіп, жөнделеді. Ал шын өмірде әрқайсымыз бірегейміз.

Қолтық астында және жыныс мүшесі айналасында түктер өседі

Жыныстық жетіле бастағанда қолтық астында, жыныс мүшесі айналасында (қасаға аймағының түктері), аяқтарда және денеңнің басқа да бөліктерінде түктер өсе бастайды.

Бұл – сенің тәнің, сондықтан денеңнің басқа бөліктерінен немесе жыныс мүшесі айналасынан түктерді алып тастауға, не алмауға қатысты шешімді қабылдайтын өзің. Адамдардың бәрінде де қасаға аймағында түктер өседі, бұл жыныстық жетілу кезіндегі табиғи құбылыс.  

Түктерді қырып тастауға, балауызбен алып тастауға, қиюға болады, сондай-ақ ештеңе істемесең де болады. Кейде әйел адамдар суға түсуге барғанда, шомылу киімінен көрінбес үшін түктерді алып тастайды. Интернетте немесе кинода сен әйелдерді қасаға түктерінсіз көруің мүмкін, ал іс жүзінде ондай жағдай сирек кездеседі. Маңыздысы, өзіңе қалай ыңғайлы, солай жасағаның дұрыс.

Тершеңдік

Жыныстық жетілу кезінде сен өзіңнің тершең бола бастағаныңды байқауың мүмкін, себебі сенің тер бездерің де өзгеруде және денеңнің қызуын бақылау үшін көбірек тер бөле бастайды.Жағымсыз иісті болдырмас үшін үнемі жуынып, таза киініп жүру өте маңызды. Егер иіске қатысты аландасаң, онда дезодорантты қолдануыңа болады.    

Етеккір келеді

Жыныстық жетіле бастағанда қыздарда етеккір келеді.Менструация (етеккір) – есеюдің табиғи процесі, бұл енді сенің «бала көтере алатыныңды» білдіреді. Яғни, секс болған жағдайда, сен жүкті болып қалуың әбден мүмкін.

Менструация (етеккір) кезінде бірнеше күн қатарынан сенің қынабыңнан қан ағады. Осы күндері гигиенаны сақтауға тырыс, яғни таңертен және кешке жуынып отыр, гигиеналық төсеніштерді қолдан (мысалы, Kotex, Tampax, O.B.). Егер сен тампондарды қолдансаң, онда нұсқауын мұқият қара.

Неге қан ағады?

Ай сайын ішіңдегі аналық жыныс безінің біреуінде (ондай сенде екі без) ұрық жасушасы пайда болады. Осы ұрық жасушасы жатыр түтігінің біреуі арқылы жатырға қарай төмен қозғалады. Ұрық жасушасы аталық жыныс жасушаларымен (ұлдың\жігіттің жасушалары) ұрықтандырылмаған жағдайда, ол ыдырап, денеден қан түрінде шығарылады.  Бұл – табиғи құбылыс, сондықтан қорқып, ұялудың еш қажеті жоқ.     

Егер ұрық жасушасы аталық жыныс жасушасымен ұрықтандырылған болса, ондай жағдайда ұрық жасушасы жатырдың ішкі қабырғасына бекініп, өсе бастайды. Осылайша жүктілік басталады.  Кейін осы ұрық жасушасы балаға айналады.  

Етеккір тұрақты түрде келіп тұрса, және де сен жыныстық өмірді бастап кеткен болсаң, ал кейін кенеттен етеккір келмей жатса, онда сенің жүкті болып қалуың ықтимал. Ондай жағдайда дәрігерге қаралу қажет. Не болмаса, жүктілікті анықтау сынақтамасын жасап (дәріханаларда сатылады), ал артынан дәрігерге тексерілген жөн.

Кей қыздар менструация басталғанға дейін бір жұма немесе екі күн бұрын етеккір келер алды синдромына шалдығады. Безеулер пайда болып, омырауларың сезімтал келеді, көңіл-күйің құбылып тұрады.

Менструациядан ұялма. Жер бетіндегі адамдардың жартысына ай сайын етеккір келеді, онда тұрған жаман, не лас ештеңе жоқ! Бұл өмірлік циклдің бір бөлігі.

Қынап өзгеріп, бөліністер пайда болады

Бөліністер – бұл түссіз, не ақшыл сұйықтық. Бөліністердің болуы қалыпты жағдай, осылайша қынап тазарып отырады. Егер бөліністер сарғыш түске боялып, жағымсыз иіс, не жыныс мүшесі айналасында қышу пайда болса, анаңа (өзің сенетін отбасыңның басқа да ересек мүшесіне, немесе құрбыңа) айтып, дәрігерге жүгіну қажет. Мүмкін, сен инфекцияға шалдықтың, сол себепті медициналық көмек алуың маңызды. 

Етеккірдің алдында бөліністер көп мөлшерде келіп, не қоюлана түседі. Сол себепті сенің ішкі киімің бұлғанады, сол кезде күн сайынғы төсеніштерді пайдаланғаның жөн.  Оларды дүкенде, дәріханада сатып алуға болады.  Әдеттеолар гигиеналық төсеніштермен, тампондармен қатар тұрады.

Омыраулардың көлемі де, пішіні де түрлі болып келеді, бұл қалыпты жағдай. Олар 18 жасқа толғанға дейін өсе береді. Сен есейген сайын омырауларыңның өзгеруі де жалғаса береді.

Омырау туралы фактілер

  • егер бір омырау екіншісінен үлкендеу болса, бұл қалыпты жағдай
  • кейде омырауларың ауырсынып, сезімтал келеді. Бұл да қалыпты құбылыс. Әдетте мұндай жағдай етеккір келер алдында немесе етеккір келген кезде байқалады.
  • етеккір келер алдында омырауларың ауырлап, не жеңілдейді.
  • емшектер де түрлі көлем мен пішінде болады. Олар шығыңқы немесе ішке қарай кірген түрде кездеседі. Емшек маңайындағы аймақ ареола деп аталады,  әдетте ареола омырауға қарағанда қоңырлау келеді. Кей кездері емшектерде немесе олардың маңында бөртпелер, түктер болады.

Өзің шешім қабылдаған кезде кеудеше (бюстгалтер) тағуыңа болады. Егер кеудеше ыңғайлы десең, онда кию керек. Кеудешенің көлемін дұрыс таңдау маңызды, ондайда саған дүкен сатушысы көмектесе алады.   

Дәрігерге қандай жағдайда жүгіну керек:

    • егер сенің омырауларың қатты ауырса немесе шаншып ауырса
    • егер сен омырауыңда түйінді немесе әдеттен тыс бірдеңені байқасаң

Өз жақындарыңды немесе құрбыңды бірге баруын өтін.

Түктерді қалай алып тастауға болады?

Егер сен денеңдегі түктерді алып тастаймын деп шешсең, мұндайда қауіпсіздікті сақтау маңызды. Мыналарды қолдануға болады:

  • таза ұстара және қырынуға арналған көбік, сабын
  • таза ыстық балауыз,оны сұлулық салонында жасатуға болады немесе үйде қолдануға болатын жиынтықты дүкеннен сатып аласың
  • арнайы қалақшасы бар түктерді алуға арналған крем – осындай креммен қасаға түктерін немесе сыртқы жыныс мүшелерінің түктерін алу қауіпті болады!

Осындай кез келген құралдарды үйде пайдаланбас бұрын нұсқауын мұқият оқып қара. Не таңдасаң да, алдымен оны теріңнің кішкентай бөлігіне жағып, байқап көр.  Осылай сен аллергияның бар-жоқтығын біле аласың.

Жыныстық жетілу кезінде сенімен болатын 5 нәрсе

  • етеккір келеді
  • секс жайында ойлар, сексуалды сезімдерпайда болады
  • безеулер пайда болуы мүмкін
  • аяқтағы түктердің түсі қарая түседі, ал кейбір қыздарда жоғарғы ернінің үстінде түктер пайда болуы мүмкін
  • кейде гормондарға байланысты өзіңді түсініксіз және жабырқаңқы сезінесің

 

Cурет көздері: Emma Martschinke, MOUNI FEDDAG

Поделитесь:

Leave a Reply