Жоба Жайлы

UyatEmes.kz-ті құру идеясы Қазақстанда әлі мектепте оқитын қыздардың неліктен жүкті болып қалатыны (жылына 10 000-ға жуық!) жайлы мәселені досым екеуіміз зерттеген кезде пайда болды. Зерттеудің негізгі тұжырымы ол жігіттер мен қыздарды ешкім де, яғни мектеп те, ата-анасы да сақтануға үйретпейді. Интернетте айқын ақпаратты табу қиын, есесіне секс және порнографиялық контент туралы жалған дүниелер толып жатыр.

Жүкті болып қалған оқушы бойжеткен туралы жаңалықты оқып отырып, біз ұят пен айып тағудан басқа не ұсына аламыз? Біздің қоғам осындай жағдайға тап болған жасөспірімдерді «тәрбиесіз» және «жауапсыз» деп санауға әдеттеніп кеткен. Алайда барлық ересек адамдар бір кезде жас болған, әлемді тану барысында қателіктерге бой алдырған. Бүгінгі күні, ақпарат пен жаңа технологиялардың үздіксіз ағынында жасөспірімдерге ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екенін ажырату қиынға соғуда. Біз оларға осы мәселеде көмек көрсеткіміз келеді.

 

Жасөспірімдерге арналған месседж жолдау

Біз UyatEmes.kz-ті сендер үшін құрдық!

Осында сендер достық, қарым-қатынас, махаббат, секс және денсаулық жайлы мақалаларды таба аласыңдар. Біз өздеріңнің уайымдарыңмен бөлісе алатын қауіпсіз орынға айналғымыз келеді. Бастарыңнан өткен орынсыз, «ұятты», көңілді, «сұмдық» оқиғаларыңды айтыңдар. Біздің форумда бұл мүмкін, ешкім де ол үшін кінәламайды. Осындай шынайы оқиғаларды біз өздерінің бозбалалық шағын әлдеқашан бастан өткерген, сендерге «Өмірде барлығы да мүмкін!» деп айтқысы келген жандардан жинайтын боламыз.

Өмір сондай ауқымды және қызықты! Сендер білім аласыңдар, жер жүзін аралайсыңдар, достар табасыңдар, ғашық боласыңдар. Не нәрсемен айналыссаңдар да, естеріңде болсын: өздеріңнің сексуалды-репродуктивті денсаулықтарың туралы білу ұят емес, ол – сендердің құқықтарың.

Ата-аналарға арналған жолдау

UyatEmes.kz – жасөспірімдерге арналған жылы шырайлы платформа. Мұнда балаларыңыз Сізден сұрауға ұялып жүрген сұрақтарын қоя алады, ал біздің репродуктивті денсаулық пен сексуалды сауаттылық жөніндегі мамандар оларға сапалы ақпарат береді. Біз материалдарымыздың жасөспірімдерге дұрыс шешім қабылдауға көмектесуін қалаймыз, ал біздің форум мен шынайы оқиғалардың арқасында барлық адамдардың басында түрлі жағдайлардың болатынын, және ол қалыпты жағдай екенін түсінсе екен дейміз.

Сонымен қатар, біз сіздерге арналған пайдалы ақпаратты да орналастырамыз! Балалармен сексуалды денсаулық жайлы сөйлесу қиын, дегенмен қажет. «Біз бірдеңе етіп өттік, олар да бірдеңе қылар» деген аргумент жаппай Интернет ғасырында өзекті емес. Сіз балаларыңызды толығымен деструктивті ақпараттан қорғай алмайсыз, бірақ оларға сенімді дереккөздерге бағыт көрсете аласыз.

Біз балаларыңыз үшін сондай дереккөзге айналамыз деген үміттеміз, егер де сіз әлі де олармен ер жету мәселесін талқылауға қиналсаңыз, балаларыңызға UyatEmes.kz–ке кіруін өтініңіз.

Пайдаланылатын дереккөздер жөнінде

Ақпарат дереккөздері ретінде жастар мен жеткіншектердің денсаулығы және амандығы бойынша мамандандырылған шетел вебсайттары мен халықаралық ұйымдардың материалдарын пайдаланамыз. Ол вебсайттар мыналар: https://www.childline.org.ukhttp://www.euro.who.int, http://www.rcaids.kz, http://www.who.int және басқалар. Іріктелген материалдарды аударып, бейімдейміз және толықтырамыз. Сонымен қатар өзіміздің де зерттеулерімізді негізге аламыз.

Поделитесь: