Алғашқы жыныстық тәжірибем

 

Ғалымдар ер адамдарда алғашқы жыныстық өмірдің 11-12 жастарда бастау алатынын алға тартады. Десек те ер адамның жыныстық өмірінің одан да бұрын бастау алатынын айтатындар да аз емес. Расында да менің алғашқы жыныстық тәжірибем 4 жастарымда бастады ғой деймін. Мен туылғанымнан бір аптадан кейін сүндетке отырғызылыппын немесе медициналық тілмен айтар болсам, циркумцизия жасалыпты. Сондықтан да пенисімді көршілерімнің менімен жасты балалары сүндетке отыратын кезде, яғни төрт жастарымда таныдым десем болады. (Оған дейінгі мендегі функциясы кіші дәретті сындыратын мүше еді).

Көршілерімнің балалары сүндетке отырғызылатын күні аздап той-думан болғаны, десек те балалардың тығылып қашқаны есімде. Олардың сүндет болуы, пенистерінің бинтпен оралып бірнеше күн жүруі маған пенисімді ұстап көруіме, онымен жақыннан танысуыма ықпал етті. Бұл ұстап көру зауық алуыма себеп болды ғой деймін, қолымды үнемі шалбарымның ішіне салып-ап пенисімді уқалап, ұстап жүргенді ұнататынмын. Ұйықтаған кезімде де қолым пенисімде болатын. Әрине пенисімді ұстаудан алған зауық менде әрі түсініксіз сезімдер, әрі үрей тудырды. Бәлкім әкемнің мұны байқап қойып, «бұлай жасама, балам» деуі үрейленуіме ықпал еткен болуы мүмкін. Өйткені көршілерімнің балаларын сүндеттеуге әкелері апарған еді. Бәлкім де сүндеттің өзі. Білмеймін. Кейіннен пенисті ұстау тек ұйқыға жатқанда ғана жасайтын «әдетіме» айналды.

Ал алғашқы «нағыз» жыныстық тәжірибеге 12-13 жастарымда «ие болдым» ғой деймін. Жаздың кезі болатын. Біздің ауылда жазғы шілдеде далада жатамыз. Түнде ұйықтап жатқан болатынмын. Терек жапырақтарының сыбдыры құлағымды қытықтап ұйықтап жатқан едім. Өңім бе түсім бе білмеймін, ұшып бара жатқандай сезіндім. Қарнымның үстіңгі жағы, кеудем, қабырғаларым мен бүйректерім, яғни денем өз өзінен қытыққа толды. Бірақ күлдіретін қытық емес еді. Жыбырлаған, шымырлаған реакция. Бұл маған тек үлкен зауық алуыма және жоғарыда да айтқанымдай ұшып бара жатқандай сезінуіме себеп болды. Артынша пенисімнен шыққан сперманың нәтижесінде алғашқы оргазмыма бөлендім. Бұл ләззат бәлкім кейінгі барлық жыныстық тәжірибеме себеп болды. Бұл оқиғадан кейін әр түрлі эротикалық немесе эротикалық емес түстер (мысалы түсімде үнемі көлік жүргізетінмін) көріп, жыныстық рахатқа кенелетінмін.

Емшегімнің ұшының қап-қатты болғаны есімде. Бұл да 12-13жастарымда болды ғой деймін. Сонымен қатар бір күні тестикулдарымның (халықтық тілде дорба, ташақ деп аталатын еркектік бездер) көптеп тамырлап кеткенін байқадым. Бұл мені қатты қорқытты. Анама сұрағаным есімде. Анамның еш саспай, қысылмай «есейіп жатырсың балам, уайымдама» дегені есімде. Есею сол күннен бастап менде жыныстық мүшелеріммен байланысы бар ұғымға айналды. Жиырмадан асып алғашқы жыныстық қатынасымды жасағанға дейін солай болды…

Мұса, 38 жас

Поделитесь:

Добавить комментарий